Оралда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай шаралар өтуде

ОРАЛ. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Оралдағы №4 «Березка» мектепке дейінгі балалар ұйымында бүлдіршіндер облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Шараны «Біз - сенің балаларыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз» атты жалпықазақстандық акция барысында облыстық балалар құқығын қорғау департаменті ұйымдастырды. Жалпы, екі балалар мекемесі арасындағы мұндай кездесулер дәстүрге айналған, онда балдырғандар өз тұстастарымен танысып, пікір алысады, қоршаған ортаны тереңірек біле түседі.

Бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы Татьяна Рогозина құттықтады.

Мерекеге балалар арнайы концерт әзірледі. Олар қазақ және басқа тілдерде ән шырқады, би биледі. Қазақ елі туралы өлеңдер де оқылды. Содан кейін балалар «Радуга» бейнелеу студиясында болып, оларға қызықты көріністер көрсетілді.

Кездесу соңында балдырғандар тәтті тағамнан дәм татты.