ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы кафелердің бірінен тамақтанған барлығы 29 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, соның ішінде 8-і - балалар, оның біреуі тіпті төрт жасқа да толмаған. Олар өткен аптаның сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері ауруханаға жатқызылған.
«Бастапқыда түскен 24 науқастан сальмонеллез ауруы анықталды. Қалған бесеуіне қатысты қорытынды әлі келген жоқ. Олар шамамен 7-10 күндей емделеді, жағдайлары қанағаттанарлық», деді Ф.Саматова.
Еске сала кетейік, ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, ауруханаға түскендер Д.Қонаев атындағы шағынаудандағы «М6» сауда үйінде орналасқан «Бургер стрит » кафесіндегі тез дайындалатын бургерлермен тамақтанған. Кафенің иесі «Қабекешев Н.» жеке кәсіпкерлігіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).