Оралда қала күні кеңінен тойлануда (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда дәстүрлі қала күніне арналған мәдени-спорттық шаралар өтуде.

Қала күніне арналған велошеруді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, атақты альпинист, Қазақстан құрамасының капитаны, БҚО-ның Теректі ауданынан түлеп ұшқан Мақсот Жұмаев бастады. Велошеруге қатысушылар теннис орталығынан Сырым Датұлы, Юрий Гагарин көшесі және Еуразия, Достық даңғылдары арқылы Абай алаңына дейінгі жолды салтанатпен жүріп өтті. Өңір басшысы Н.Ноғаев қалың бұқараны спортқа тартуда, салауатты өмір салтын орнықтыруда мұндай шаралардың маңызы зор екендігін атап өтіп, велошеруге белсене қатысқандарды түрлі аталымдар бойынша марапаттады. Мысалы, 65 жасар Мұрат Әлжанов «велошеру ақсақалы» атанса, Арман Мәліков «ең жас қатысушы» атағын иеленді. Сондай-ақ велошерудің нәзік жанды қатысушысы, ерекше велосипедімен көзге түскендер де ұмыт қалған жоқ.

Шеру Абай алаңында Денсаулық фестиваліне ұласты. Қала күніне орай Оралға қарасты кенттерде де концерттер қойылып, спорттық шаралар өтуде.

Бүгін сондай-ақ Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһар күніне арнайы келгендерді қабылдап, құрмет көрсетті. Орал мен Түркия елінің Маниса, сондай-ақ Орал мен Ресейдің Орынбор қалалары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Еске сала кетейік, қала күні бүгін кешкісін П.Атоян атындағы стадионда театрландырылған концерттік бағдарламамен және отшашумен қорытындыланады.