ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қала орталығындағы 14 көпқабатты үй және 50 жеке үй, барлығы 800 абонент сусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, диаметрі 300 мм суық су құбыры жарылып, істен шыққан.
24 қараша күнгі сағат 22.30-дағы жағдай бойынша Сарайшық пен А.Тайманов көшелерінің қиылысында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Апатқа байланысты үш жерде, Н.Назарбаев даңғылы, 187, Л.Толстой көшесі, 133 және А.Тайманов көшесі, 127-мекенжайларында су тасымалы ұйымдастырылды.
Қазіргі кезде жөндеу жұмыстарына «Батыс су арнасы» ЖШС-ның 10 қызметкері мен 3 техника тартылған.
Еске сала кетейік, 16 қарашада Оралда құбырдағы апат салдарынан 11 мыңнан астам абонент сусыз қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).