Оралда қала туралы жаңа сурет альбомының таныстырылымы болды

ОРАЛ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 25 наурыз күні Жастар мәдениет сарайында Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовтың қолдауымен жарыққа шыққан жаңа сурет альбомының таныстырылымы болды.

- Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан, сан ғасырлық тарихы бар Орал қаласының әсем келбетін фотосуретшінің туындысы арқылы жарыққа шығарып, осындай көлемді альбом шығару көптен бері ойда жүрген еді, - деді рәсімде сөз алған Самиғолла Оразов.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алғандар кітаптағы суреттердің өте жоғары деңгейде орындалғанын, сонымен қатар ең бастысы айтулы оқиғаларды, қалада өткен мәдени, спорт шаралар, тұрғындардың сол мерекелерге қатысуын қамтыған суреттердің мол екенін атап өтті. Бұл кітап шетелдерге барғанда біздің қаламыздың қандай көркем, тарихи шежіреге толы екенін көрсетуге тұрарлық дүние. Кез келген сыйлы қонаққа ұялмай ұсынуға болады, - десті олар.

Осы кітапқа суреттері енген кәсіби фотосуретшілерге алғыс айтып, сый тарту еткен қала әкімі оларға шығармашылық табыс тіледі.