ОРАЛ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер диалогы» атты ІІ облыстық форумда жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, кәсіби кадрлар тапшылығын шешу мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, техникалық және кәсіптік білім беру саласы алдында тұрған басты міндеттің бірі - жұмысшылар немесе орта буын мамандарын даярлау. Оның кәсіби біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті болуы шарт.
Соңғы үш жылда кәсіптік білім саласына 24 жаңа мамандық енгізілсе, соның жетеуі биылғы жылдың үлесінде. Облыста 26 мың жас 128 мамандық бойынша білім алуда. Бірақ олардың бәрі бірдей диплом алып шыққаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналаса ма, мәселе сонда. Қазіргі таңда жұмыссыздардың жартысынан астамы - 18-34 жас аралығындағылар.
Форумға қатысушылар жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жас мамандардың техникалық деңгейін арттыру, шетелдіктердің орнын қазақстандық кадрлармен алмастыру, түлектерді жұмысқа орналастыру төңірегінде өз ұсыныс-пікірлерін айтып, алда тұрған міндеттер жөнінде қарар қабылдады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).