ОРАЛ. 10 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханада «Тәуелсіз мемлекеттер шеңберінде, жаһандық бюджет жағдайында амбулаторлық деңгейдегі рецептпен босатылатын дәрілік құралдармен қамтамасыз ету алгоритмі» атты семинар өтті.
Семинарда қатерлі ісік ауруларының және одан өлім көрсеткішін төмендетудің жаңа модулі, облыс тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын көтеру, учаскелік онкологтар үшін амбулаторлық-химиятерапиялық емдеудің стандарттары әңгіме болды.
Республикалық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен өткен телекөпірде обыр дертінің еліміз бойынша көрсеткіші мен аурудың алдын алу мәселелері сөз болды.
«Облыста жыл сайын онкология бойынша 70 мыңдай адам скринингілік тексеруден өтеді. Енді емделуші тегін берілетін дәрі-дәрмекті, отадан басқа емдік шаралардың бәрін жергілікті жердегі ауруханаларда алатын болады. Обырдың алдын алу шаралары және дәрімен қамтудың тиімділігі онкологиялық аурулар мен өлімді азайтуға тиіс», - деді облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Есенгелді Рабаев.
Жиында онкологиялық аурулардың және өлімнің көрсеткіштерін азайтудың жаңа модулі туралы облыстың штаттан тыс бас онкологы Тайман Аманов баяндама жасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).