Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш іс ҚР ҚК 96-бабына (кісі өлтіру) сәйкес қозғалған болатын. Алайда БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Ақгүл Қарасаеваның мәлім еткеніндей, сот талқысы кезінде айыптау тарабы бастапқы ойынан бас тартып, оны ҚР ҚК 99-бабына сәйкестендіріп, қайта дәрежеледі. Сот Р.Сайфуллинді ҚР ҚК 99-бабына сәйкес айыпты деп тауып, 2 жылға бас бостандығынан шектеді. Бұл ретте сот ҚР ҚК 62-бабы 3-бөліміне сәйкес сотталушының қамауда болған мерзімін ескеріп, 1 жыл 1 ай 20 күнге жаза кесті. Сөйтіп Р.Сайфуллин сот залынан босатылды. Еске сала кетейік, өткен жылы 12 қыркүйекте «Галактика» жанында Ақтөбе қаласының тұрғыны Андрей Войтишин өлтірілген болатын. Ол мас күйінде үш досымен бірге Рустам Сайфуллин мен оның зайыбына тіл тигізген. Шабуылдаушыларға жауап ретінде Сайфуллин бірнеше рет травматикалық пистолеттен оқ атқан. Оған да тоқтамаған ішіп алғандар Сайфуллиннің машинасының есігін сындырмақ болған. Сол кезде Сайфуллин Войтишиннің жүрек тұсына пышақ жұмсаған. Соның салдарынан А.Войтишин оқиға орнында көз жұмды.
01:30, 18 Ақпан 2014
Оралда кісі өлтірді деп айыпталған сотталушы босатылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Оралдағы «Галактика» ойын-сауық орталығы алдында болған оқиға кезінде кісі өлтірді деп айыпталған Р.Сайфуллинге қатысты үкім шығарды.