ОРАЛ. 5 шілде. ҚазАқпарат - 4 шілде күні таңертең суретші Асхат Ахмедьяров пен тіркелмеген «Алға» партиясының негізінде құрылған «Абырой» қоғамдық бірлестігінің өкілі Мақсат Айсаутов Ресей Федерациясы консулдығының ғимаратына өтуге әрекет жасады.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, олар Байқоңырда «Протон-М» зымыран тасығышының құлауына қарсылық ретінде РФ мемлекеттік туы түсімен боялған тірі торайды пайдалана отырып, бұзақылыққа барды.
Ахмедьяров пен Айсаутов ішкі істер органдары қызметкерлерімен ұсталып, Абай полиция бөліміне жеткізілді, оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 330-бабына сәйкес (ұсақ бұзақылық) әкімшілік хаттама толтырылды.
Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен А.Ахмедьяров айыпты деп танылып, 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды. М.Айсаутовке қатысты материал 5 шілде күні қаралмақ.
Биылғы мамырда М.Айсаутовқа бұзақылық әрекеті үшін ескерту жасалған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).