ОРАЛ. 23 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін Орал қаласындағы жабық мұз айдыны сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған ҚР ІІІ жазғы спартакиадасы аясында дзюдо күресінен жарыс басталды.
Оған еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан 15 команда құрамында 170 спортшы қатынасуда. Ерлер мен әйелдер жеті салмақ дәрежесінде күш сынасады.
ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Абай Қаймақовтың айтуынша, елімізде олимпиадалық ойын түрі саналатын дзюдоға барынша мән берілуде. Оның дамуына ұлттық компаниялар да үлес қосуда. Орал қаласында бұдан бұрын спартакиада аясында күрес түрлерінен ел біріншілігі өткен болатын. Бұл жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Алдағы жылы өтетін Лондон олимпиадасы қарсаңында ел дзюдошылары өз өнерін көрсетпекші. Батысқазақстандықтар 60 килә салмақта татамиге шығатын самбодан үш дүркін әлем чемпионы, биыл дзюдоға ауысқан Ерболат Байбатыровқа ерекше үміт артып отыр.
Дзюдо федерациясы Батыс Қазақстан облысында болған су тасқынынан зардап шеккендер қорына 830 мың теңге аударып, өз үлестерін қосты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).