ОРАЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат - 9 қараша күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музейлер - халық қазынасы» жобасы аясында ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалы музейі көрмесі ашылды.
Аталмыш жоба Ақ Жайық өңірінде жұмыс жасап жатқан мемлекеттік және қоғамдық музейлердің рөлін көтеру, музей саласында тәжірибе алмасудың жаңа түрлерін қарастыру және өлкеге, белгілі бір тұлғаға қатысты тарихи тақырыптарды зерделеуге жастарды тарту мақсатында қолға алынған болатын.
Ұлттық банк филиалының музейі 1998 жылы қараша айында ұлттық валюта - теңгенің айналысқа енгізілуінің 5 жылдығына арналып ашылды. Көрмеге қойылған жәдігерлер өңірдегі банк жүйесінің құрылу және даму тарихы, тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық валютасын енгізу кезеңдері, Ұлттық банктің жүргізіп отырған ақша-несие саясаты, Қазақстан Теңге сарайы шығаратын бағалы монеталар туралы сыр шертеді.
Шараға Ұлттық банк Батыс Қазақстан филиалының директоры Борис Ізбасаров, ақын Ақұштап Бақтыгереева, соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев, өлкетанушы Жайсаң Ақбай және басқалар қатысып, оның маңыздылығын атап көрсетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).