ОРАЛ. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында 1 мамыр күні Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» шығармасы бойынша қойылған музыкалы драма-дастанның премьерасы болды.
Аталмыш қойылымды Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері Қуандық Қасымов сахналады. Суретшісі - Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, халық суретшісі Маратбек Шарафидин.
Сахнада Қыз Жібек бейнесін бұл жолы Жұлдыз Мәмедова шығарса, Төлеген рөлінде Ринат Сабырғалиев ойнады. Бекежан рөлінде - Бақытжан Өтеғалиев. Басқа кейіпкерлерді сомдауға театрдың Мұсағали Бектенов, Ербол Есендосов, Бибігүл Исалиева, Боранбай Молдабаев сынды белді әртістері қатысты.
Спектакльде ән мен биге көбірек мән берілген, сөзден гөрі қимыл-қозғалысқа құрылған. Режиссерлік тың шешімдерге сәйкес әйгілі кинофильмнен ерекшелеу тұстары да баршылық.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).