ОРАЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына арналған «Батыр қызы халқымның...» атты тарихи тағылымды кеш өтті.
Қазақтың қаһарман қызын еске алу кеші бүгінгі жас ұрпақты соғыс ардагерлеріне құрметпен қарауға, қадірлеуге, отансүйгіштікке баулуға арналған. Батыр қыздың ерлігіне тағзым еткен шарада студент жастар көріністер қойып, ерте үзілген қызғалдақ ғұмырдан мысалдар келтірді. Әсіресе, Мәншүктің қан майданда жүріп, анасына жазған хаттардан үзінділер оқылуы көрермендерге үлкен ой салды.
Шараны өткізуге атсалысқан Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы «Фатима» клубының қыздары батыр қыздың ерлігі өздеріне үлкен өнеге екендігін жеткізді.
Осы кештің құрметті қонағы болған ҰОС ардагері Б.Жұмағалиұлы, журналист Т.Әліпқалиұлы, «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі М.Балмолда студент жастармен қаһарман қыздың ерлігі туралы ой бөлісті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).