БҚМУ - еліміздегі ҚазПИ-ден кейінгі екінші ашылған педагогикалық институт, батыс аймақтағы алғашқы жоғарғы оқу орны. Кезінде М.Покровский, А.Пушкин атымен аталған білім ордасына 2003 жылы батыр баба Махамбет есімі берілді. Сексен жылдық ғұмырында 70 мыңнан аса маман дайындалған.
Мерейтойға орай университеттің жаңартылған мұражайы ашылды. Оның лентасын қию құрметі бұрын осы оқу орнына басшылық еткен экономика ғылымдарының докторы, академик Сағындық Сатыбалдин мен ардагер ұстаз Меруерт Жолдықайыроваға берілді. Мұражайға қойылған жәдігерлермен оқу орнының құрметті профессоры Серікқали Шарабасов таныстырды. Меймандар сондай-ақ жаңа виртуалды ІТ-зертхана, бейнеконференция залы, мультимедиялық кабинет, графикалық жобалау және телевидения зертханалары, интернет-кафе, жаратылыстану-математикалық ғылымдар интерактивті зертханалары бар «Махамбет» ақпараттық технологиялар паркінің тұсаукесеріне қатысты. Оқу орнының баспа орталығын аралап көрді. Сондай-ақ құрылысы аяқтала келген студенттер үйіне бас сұқты.
Жиылғандарды оқу орнының мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Бұл оқу орны құрылғаннан бері халықтың игілігіне, еліміздің дамуына аянбай еңбек сіңіріп жүрген талай шәкіртін түлетті. Мұның барлығы - осындағы білікті ұстаздардың еңбегі. Елбасымыз өскелең ұрпаққа білім беру мәселесін назарында ұстап келеді. Үнемі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға тапсырмалар беріп отырады. Бүгінгі БҚМУ-да ақпараттық технологиялар паркінің ашылуы, жуырда пайдаланылуға берілетін 308 орындық жаңа жатақхана құрылысы - соның бір айғағы», деді.
Бүгінгі БҚМУ - еуропалық оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламасы бар еліміздегі төрт білім ошағының бірі. Білім және ғылым министрлігінің базалық экперименталды оқу орындарының қатарында. Биыл БҚМУ-да халықаралық көптілді білім беруді дамыту орталығы құрылып, аталмыш орталық еліміздегі көптілді білім беру пилоттық жобасына қатысуда. Оқу орнының құрылымында бүгінде 7 факультет, бакалавриаттың 52, магистратураның 24, PhD докторантураның 4 мамандығы бойынша мамандар дайындайтын 23 кафедра бар.