Алқалы жиынды университеттің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әсет Тасмағамбетов ашып, Махамбеттей ұлы ақын әрі батырдың өмірі мен шығармашылығын зерттеудің алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Конференцияда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, академик Зинол-Ғабден Бисенғали, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, академик Алтай Тайжанов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Жұбановтану ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Болат Баймұханов өз ой-толғамдарымен бөлісті. Сондай-ақ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің шығу себептері, Исатай батырдың Хан ордасын қоршап тұрып, неліктен шаппағандығы жөнінде өз дәлелдерін келтірді.
Конференцияға ұсынылған баяндамалар жеке жинақ болып шықпақ.
Бұл жиынның бір жаңалығы, «Исатай-Махамбет» атты жаңа ғылыми-педагогикалық, тарихи-әдеби, ақпараттық-танымдық журнал көпшілікке таныстырылды. Сөйтіп қазақ тарихында орны ерекше қос бірегей тұлғаның өмірі мен ерлігін, Махамбеттің ақындығын кейінгі жастарға таныту бағытында тағы бір игі қадам жасалды.