ОРАЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат - Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қайырымдылық айлығы аясында «Галактика» кинотеатрында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесіп,
майдангерлер үшін 3D форматында «Сталинград» фильмі көрсетілді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, фильмді көруге майдангерлермен бірге қалалық ардагерлер кеңесі президиумының мүшелері, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары шақырылды.
Федор Бондарчук түсірген аталмыш фильм әдеби шығармаға емес, сол оқиғаларға тікелей қатысушылардың күнделіктеріне негізделген. Кеңес барлаушылары Еділдің сол жағалауындағы үйден тірі қалған сарбаздармен бірге 19 жасар Катяны кезіктіреді. Жан алып, жан беріскен соғыс жағдайында махаббатқа да орын беріледі. Кеңес капитаны Громов пен неміс офицері Канның мінез қақтығысы көрінеді.
Кинокөрсетілім соңында қала әкімі ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, оларға сый-сияпат табыс етілді. Майдангерлер де талай жанның өмірін қиған сол кездегі кескілескен шайқастардан естеліктерін айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).