Оралда мемлекеттік қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады

ОРАЛ. 23 маусым. ҚазАқпарат - 22 маусым күні БҚО әкімдігінде мемлекеттік қызметкерлер бір тобының ҚР Президенті мен халқына ант қабылдау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Рәсім мемлекеттік әнұранмен басталды. Бұдан кейін мінберге барлық ант қабылдаушылар кезекпен шақырылып, қолдарын Конституцияға қойып тұрып, ант қабылдады.

Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға серт бергендердің қатарында облыс әкімінің орынбасары Серік Шәпкенов, Жәнібек ауданының әкімі Берік Есенғалиев, Тасқала ауданының әкімі Қуат Мусин, Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Сабыров, Сырым ауданының әкімі Руслан Сапарғалиев, Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев және Шыңғырлау ауданының әкімі Алдияр Халелов болды. Олар сондай-ақ Ата Заңда көрсетілген қағидаттарды, азаматтық және халықаралық келісімді қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге уәде етті.

Ант қабылдау аяқталған соң қайтадан еліміздің әнұраны ойналды.  Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев елге адал қызмет атқаруға серт бергендерді құттықтады.

Салтанатты шара соңында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Арман Жалмұханбетов жиылғандар алдында облыс әкімінің орынбасарлары Ғұмар Дүйсембаевқа, Ербол Салықовқа, Серік Сүлейменге, Серік Шәпкеновке, сондай-ақ қала әкімі Болат Шәкімовке және басқа да мемлекеттік қызметкерлерге Қазақстан полициясының 20 жылдығына арналған мерекелік төсбелгілерді табыс етті.