Оралда мұғалімдер жаңаша дәріс алмақ

ОРАЛ. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы бойынша біліктілікті арттыру институты мекемесінде 10 қыркүйек күні педагог кадрларды оқытудың 3 ай мерзімге арналған жаңа бағдарламасы бойынша өңірдің 190 мұғалімін қабылдау рәсімі салтанатты түрде ашылды.

Бұл бағдарламаны халықаралық емтихан кеңесімен келісімге сәйкес, "Назарбаев зияткерлік мектептері" ДББҰ Ұлыбританиядағы Кембридж университетімен бірлесіп әзірлеген. Білім және ғылым министрлігі бастамасымен қолға алынған үздік әлемдік тәжірибе негізіндегі жаңа бағдарлама өңірлік біліктілік арттыру институттарында үш ай бойы оқытылады. Сыннан сүрінбей өткендерге Білім және ғылым министрлігі мен "Назарбаев зияткерлік мектептері" ДББҰ бекіткен "Үшінші деңгей мұғалім сертификаты" беріледі. Бұл құжат ұстаздар еңбекақысының 30 пайызға артуына мүмкіндік бермек.