Оралда мүгедек әйелдердің денсаулығын нығайту мәселесі талқыланды (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында сәби сүйетін жастағы 3655 әйел болса, соның 241-і - 15-18 жас аралығындағылар. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен БҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова мәлім етті.

Оның айтуынша, осы әйелдердің 1590-ы немесе 43,5 пайызы - екінші топтағы мүгедектер. Оларға медициналық көмек сапасын жақсарту мақсатында емделушілер мониторингі жүйесі жетілдірілуде. Биылғы тамыздан бастап барлық медицина мекемелерінде құрамында реабилитолог, емдеу-дене шынықтыру нұсқаушысы, эрготерапевт, психолог және сылаушы бар арнайы топтар құрылды. Олар әр емделушіні сауықтыру үшін жеке бағдарлама жасауы керек. Сондай-ақ жүктіліктен сақтанушылар отбасыны жоспарлау кабинеттерінде ақыл-кеңес пен тегін құралдар ала алады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақованың мәлім еткеніндей, өңірдегі мүгедек әйелдер арасында психикалық-жүйке аурулары мен қатерлі ісікке шалдыққандар аз емес. Сондықтан оларға ерекше көңіл бөлу қажет-ақ. Алдағы жылдың басынан мүгедектерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетілетін болады.

Балалар аула клубтарының отбасы құндылықтарын нығайту мен жас жеткіншектер тәрбиесіндегі рөлі жөнінде хабарлама жасаған Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевтің сөзіне қарағанда, мұндай жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Шаһарда 37 мың бала болса, соның 12 мыңы 17 аула клубында бос уақыттарын мәнді өткізуде. Жас жұбайлар арасында ажырасушылардың көбеюіне байланысты жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу, өз кәсібін бастау, балалар демалысын ұйымдастыру бағытында құнды деректер ұсынатын кітапшалар шығарып, тарату қолға алынды.

Ауылдық жерлерде мүгедек әйелдерді сауықтыру бағытындағы жұмыстар жөнінде Зеленов және Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасарлары Рафилбек Аманжол мен Лариса Қайырғалиева мәлімет берді.

Жиын соңында Б.Мәкен мүгедектер, соның ішінде әйелдер назардан тыс қалмай, оларға үнемі қолдау-көмек көрсетілуі қажет екендігін атап көрсетті. Осы орайда сала басшылары мен қала, аудандар әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар берілді.