ОРАЛ. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Нарын сазы» студенттік фольклорлық-аспапты ансамблінің тұсаукесері болды.
Аңсар Бердіғалиев жетекшілік ететін ансамбль құрамына аталмыш университетте оқитын 15 жас өнерпаз іріктелініп алынған. Аңсар - белгілі айтыскер ақын әрі әнші Қатимолла Бердіғалиевтің ұлы.
Репертуарды студенттердің өздері таңдаса, университет басшылығы киім мен музыка аспаптарынан көмек көрсеткен.
Беташар концертте ансамбль қазақтың халық әндері мен күйлерімен қатар классикалық шығармаларды да орындай білді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).