Оралда «Нұр Отан» партиясының рөлін арттыру бағытында семинар-тренинг өткізілді

ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалында 20 маусым күні «Аймақтағы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясының рөлі» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.

Жиынға Ақтөбе өңірлік партиялық оқыту орталығының директоры Юрий Голубев ұйытқы болды. Облыстағы партия белсенділерін жинаған тренинг жұмысын облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен кіріспе сөз сөйлеп ашты. «Мемлекеттік бағдарламалардың уақтылы және сапалы орындалуын қатаң қадағалау үшін партия мен оның белсенділерінің беделін көтеру маңызды», -  деді Серік Кенжебекұлы. Өзге өңірлердегі секілді Батыс Қазақстанда да қолға алынған жобалар көп. Бұған бақылауды әсте әлсіретуге болмайды.

Семинар-тренингте сонымен қатар «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығметтің «ҚР Президентінің халыққа Жолдауын жүзеге асыру - партия қызметінің басым бағыты» тақырыбындағы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Дияс Жәнібековтың «Батыс Қазақстан облысында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындылары» тақырыбындағы және басқа да бірқатар баяндамалар тыңдалды.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.