ОРАЛ. 26 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы «Самал» туристік лагерінде Батыс Қазақстан облысындағы халықаралық ынтымақтастық жылына арналған оқушылар арасында жаяу туризм техникасынан 51-інші облыстық жарыс мәреге жетті.
Облыстық балалар-жаасөспірімдер туризмі және экология орталығынан хабарлағанындай, жарысқа облыс аудандары мен Орал қаласынан іріктеліп шыққан 13 команда құрамында 120-дай оқушы қатысты. Олар спорттық бағдарлау, бақылау-туристік бағыт, «Техника» және «Жеке» қашықтықтары бойынша сынға түсті.
Жалпыкомандалық есепте Жәнібек ауданы жеңімпаз атанса, тасқалалықтар мен бөрліліктер екінші-үшінші орындарды бөлісті. Ақжайық ауданынан Еламан Кенжеғали үздік капитан атанды.
Жеңімпаз-жүлдегерлер дипломдармен, ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).