ОРАЛ. ҚазАқпарат - 25 сәуір күні Сәкен Ғұмаров атындағы мұражайда Оралдағы №1 орта мектептің 6-сынып оқушысы Сәндігүл Мағазованың «Менің әлемім» атты жеке көрмесі ашылды.
Он екі жасар суретшінің алғашқы көрмесіне оның 22 туындысы қойылған. Сәндігүлдің ұстазы Венера Қажымұратованың сөзіне қарағанда, сурет өнерінің қыр-сырын жастайынан меңгеріп келе жатқан шәкіртінің болашағы зор. Шындығында да С.Мағазованың портрет, пейзаж, натюрморт түрінде шынайылықпен, таза балғын көңілмен салынған «Наурыз мерекесі», «Домбыра әуені», «Менің достарым», «Құрбылар», «Ұры мысық» сынды композициялары көпшілік көңілінен шығып, әсіресе, жастарға ерекше әсер қалдырды.
Белгілі қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Қайыр Оразғалиевтің айтуынша, мұндай жас кезінде жеке шығармашылық көрмесін өткізу өте сирек, бұл Сәндігүлдің өз әлемі қалыптасып келе жатқандығын көрсетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).