Оралда өңір бюджетінің орындалуы мен қысқа әзірлік мәселесі қаралды

ОРАЛ. Қыркүйектің 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 25-інде облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен өңір бюджетінің орындалуы мен жылыту маусымына әзірлік мәселесіне арналған кеңес болып,

оған облыстық басқармалар басшылары мен аудандар әкімдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық қаржы басқармасының бастығы Асқар Хамитовтың мәлімдегеніндей, қыркүйектің 25-іне дейінгі мәлімет бойынша тоғыз айдағы бюджеттік қаржының игерілуі облыс бойынша 98,6 пайыз болса, аудандар бойынша - 98,1 пайыз. Қазіргі кезде облыс бюджеті 88,4 млрд. теңгені құрайды.

Кеңесте коммуналдық кәсіпорындардың, әлеуметтік нысандардың қысқа әзірлігі де қаралды. Бұл мақсатқа 7,5 млрд. теңге, соның ішінде «Жол картасына» сәйкес 1,5 млрд. теңге бөлінген болатын, бұл өткен жылғыдан 36 пайызға жоғары. Аудандардағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет нысандары да қатты және сұйық отынмен қамтылды.

Нұрлан Ноғаевтың сөзіне қарағанда, өңірде бюджеттік қаржының игерілуі мен қысқа дайындық ойдағыдай. «Жол картасына» сәйкес жұмыстар да уақтылы атқарылуда.