ОРАЛ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Оралда соғыс және еңбек ардагері, ҚР ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері Сағын Кенжебаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
С.Кенжебаев 1922 жылы 15 наурызда Орда ауданының Азғыр ауылында (қазір Атырау облысына қарасты ауыл) дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге аман оралған соң, 40 жыл бойы Теректі ауданының «Жаңа таң», «Коммунизм жолы», «Жамбыл», «Трудовик», «Сталин», «Қызыл Октябрь» колхоздарының басқарма төрағасы болып, абыройлы еңбек етті. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін екі мәрте Ленин, Октябрь революциясы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев және басқалар Сағын Кенжебаевтың елі үшін адал қызмет еткенін, қайраткерлік істерімен танылғанын атап өтті.
Рәсімге қатысушылар гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына тағзым етті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).