Оралда «Өскен өлке тарихы» байқауының жүлдегерлері марапатталды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында «Өскен өлке тарихы» байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды.

Аталмыш байқауды «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы Батыс Қазақстан өңіріне қатысты зерттеулер мен өлкетану материалдарына қозғау салу мақсатында тарихшылар мен өлкетанушылар және орта мектеп оқушылары арасында жариялаған болатын.

Журналдың бас редакторы, ақын-журналист Қазбек Құттымұратұлының айтуынша, байқаудың мақсаты туған өлкеміздің ежелгі заманнан күні бүгінге дейінгі тарихын зерттеу, кейбір жекелеген оқиғалар, ұмытыла бастаған тұлғалар туралы тарихи деректерді жариялау, жер-су атауларының пайда болуын зерттеу, өлкенің жалпы тарихын қалыптастыру болатын. Ал байқаудың оқушылар арасында өтетін бөлігі мектеп шәкірттері арасында өлкетану идеясын насихаттап, шығармашылық қабілеті бар шәкірттерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Марапаттарды тапсыру рәсімінде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин «DANAkaz» тарихи-танымдық журналының шыға бастағанына тура үш жыл толып отырғанын, осы мерзімнің өзінде аталмыш басылымның тек Батыс Қазақстан облысы ғана емес, республика көлемінде танымал бола бастағанын және Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған көптеген шараларға атсалысқанын атап өтті.

Сонымен, журналда жарияланған мақалалары үшін Орал қаласындағы №1 және Сырым ауданы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептердің тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімдері Нұрия Жекекқызы мен Мұқат Арыстанов, Сырым ауданы Талдыбұлақ орта мектебінің түлегі, Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінің 1 курс студенті Нұрсұлтан Ғатау, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Қуанар Мұсағалиева, Қаратөбе ауданы Мұхит ауылынан келген 8-сынып шәкірті Аружан Қарашқызы, Шыңғырлау ауданы Ақсуат орта мектебінің ұстазы Салтанат Абақова жүлдегер атанып, дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.