ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы жабық мұз айдыны сарайында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың шорт-трек бөлімшелері командалары арасында ел біріншілігі өткізілді.
Аталмыш жарысқа Астана қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының балғын спортшылары қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай түрлі қашықтықтарда бақ сынасты.
Чемпионат қорытындысында барлығы 2276 ұпай жинаған қостанайлықтар жеңімпаз атанды. 1910 ұпаймен батысқазақстандықтар екінші, қарағандылықтар (1207 ұпай) үшінші орынды иеленді. Басқа командалар едәуір кейін қалып қойды.
БҚО құрамасының бапкері Максим Лозовойдың айтуынша, Батыс Қазақстаннан 31 жасөспірім жарыс жолына шықты. Әсіресе, Ғалия Жұмағазиева мен Әділ Қырымгереев жекелеген қашықтықтарда ғана емес, көпсайыс қорытындысы бойынша да үздік нәтиже көрсетті. Сол секілді Әділ Ғалиахметов, Александра Суменкова, Әлішер Шатықов, Айбек Қадыров, Дарья Круткова, Наргиза Омарова, Есей Ибраев, Павел Бойко жүлделі орындарды иеленді. Эстафеталық сында да батысқазақстандықтар жеңіс тұғырынан көрінбей қалған жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).