ОРАЛ. 21 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қалалық ІІБ есірткі бизнесімен күрес бөлімінің қызметкерлері жедел алдын алу шаралары барысында 15 қараша күні Орал қаласының 50 жасар тұрғынын қолға түсірді.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, аталмыш азамат өз үйінде марихуана сатумен айналысқан. Оның пәтерін тінту кезінде жалпы салмағы 14,66 грамм марихуана табылды.
Өткен аптада басқа да бірнеше қылмыс ашылды. Биылғы 23 шілдеде «Болашақ» дүкенінде белгісіз біреу 43 жасар әйелдің 280 мың теңгесімен әмиянын қымқырып кеткен болатын. Орал қалалық Абай полиция бөлімінің қызметкерлері ұрының 16 жасар Х. екенін анықтап, ұстады. 19 қарашаға қараған түні «Флоренция» пиццериясынан 31 мың теңге мен 3 мың теңгенің «Билайн» төлем карточкасы ұрланған. Ұры желдеткіш арқылы кірген. Полицейлер саусақ пен алақан таңбасы бойынша Зачаган кентінің 21 жасар тұрғынын құрықтады. Сондай-ақ 14 қараша күні кісі тонаған 24 жасар азамат пен 16 қарашада «Мицубиси» автокөлігін айдап кеткен Зеленов ауданының 17 жасар тұрғыны да алысқа ұзаған жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).