ОРАЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Қылмыстық іздестіру қызметінің 95 жылдығына орай 4 қазан күні Жеңіс алаңында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Әбисатов 21 полиция қызметкеріне кезекті шендерін, сондай-ақ қызметтер басшыларына автокөлік кілттерін табыс етті.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1918 жылғы 5 қазанда ішкі істер халкомы қылмыстық іздестіру бөлімдерін ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған. Қазақстанда 1920 жылы қазанда орталық қылмыстық іздестіру басқармасы құрылса, 1921 жылы Оралда осындай бөлім ашылды.
Қылмыстық іздестіруді дамытудың барлық кезеңінде криминалистиканың озық тәсілдерін қолданатын кәсіби қызметкерді қалыптастыруға ерекше мән берілді. Өңірде Сағат Нұрмахатов, Валерий Мақатов, Анатолий Дураков, Талғат Дүйсекенов және басқалар қылмыспен күреске елеулі үлес қосты.
Ертең Жастар мәдениет сарайында сала ардагерлерінің қатысуымен салтанатты шара өтпек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).