ОРАЛ. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды облыстық штабы құрылды.
Штаб төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Тұмановтың айтуынша, штабтың мақсаты - Н.Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасын ел ішінде кеңінен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және оның кандидатурасын жан-жақты қолдауға қол жеткізу. Штаб филиалдары барлық ауданда құрылды. Мың жарым сенімді өкіл тіркеліп, белсенді жұмысын бастап та кетті. Штабтың әр мүшесі Президент сенген өкіл болып есептеледі.
Қоғамдық штаб мүшелерінің арасында Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Погодин, көп жылдар облыстық сайлау комиссиясының төрағасы болған Марат Оразғалиев, еңбек ардагері Роза Көжекова, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ришат Хайруллин сияқты облысқа белгілі адамдар бар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).