ОРАЛ. 20 тамыз. ҚазАқпарат - 18 тамыз күні ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 20 жыл толуына орай Оралдағы «Жастар» мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.
Шекарашыларды мерекелерімен құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Марат Тоқжанов және шекара қызметінің ардагерлері келді. Мерекелік басқосуда 2029-әскери бөлімінің шекарашылары мен еңбегі елеулі сала қызметкерлері алғысхатпен марапатталды.
-Жұбайым Алтынбектің еңбегін елеп жатқанына алғысым шексіз. Көзі тірісінде алған марапатының орны бөлек болар еді. Алайда тағдыр оған жазбады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Аналар ұлын жоқтап, балалар жетім, әйелдер жесір қалмасын, - деді «Арқанкерген» шекара бекетінде қаза болған батысқазақстандық Алтынбек Кереевтің жұбайы Райхан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).