Оралда Сталинград шайқасының 70 жылдығына орай шара ұйымдастырылды

ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - Биылғы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы кезінде Волгоград жерінде ерлікпен қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың сүйектері салтанатты түрде қайта жерленбек.

Сталинград шайқасының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қатысушылар Қостанай, Ақтөбе қалаларында болып, 20 маусым күні Оралға келді. Осыған орай «Нұр Отан» ХДП облыстық және қалалық филалдары мен облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері Жеңіс алаңында арнайы шара ұйымдастырды.

Шараға қатысушы топ ең алдымен үнсіздік минутын жариялап, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан сарбаздарды еске алды. Содан соң облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен мен Орал қаласының әкімі, «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалының төрағасы Болат Шәкімов сөйлеп, «Мамай қорғаны» мемориалдық кешенінде өтетін шараның маңызына тоқталды. Олар аталмыш шараның қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтінін айтып, Ресей еліне аттанатын топқа ақ жол тіледі.

Бұдан кейін Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, топ жетекшісі Мұхамеджан Таласов пен «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының өкілі Қазбек Қазкенов сөйлеп, өтіп жатқан акция маңызын түсіндірді. Олар Волгоград қаласына жетісімен, ресейлік іздеушілер тапқан қазақстандық бөлім сарбаздарының сүйектерін қайта жерлеу үшін туған жер топырағы салынған капсулаларды ұйымдастырушылар қолына табыс етпек. Қазақ жерінің топырағы салынған тағы бір осындай капсула мен қазақтың қара домбырасы және шапаны «Мамай қорғаны» мемориалына берілмек. Сондай-ақ делегация қайтар жолда  қазақстандық жауынгерлердің қаны төгілген Сталинград жерінен топырақ әкеліп, оны ҚР тұңғыш Президентінің музейіне тапсырмақ.

Жиын барысында сөйлеген Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхтар Әжіғұлов Сталинград шайқасының екінші дүниежүзілік соғыс барысына түбегейлі өзгеріс әкелгенін айтса, ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің облыстық қоғамы жетекшісінің орынбасары Анатолий Боровский Ұлы Отан соғысы кезіндегі кеңес әскерлерінің ерлігі ауған соғысына қатысушыларға үлгі болғанын жеткізді.

Жиын  соңында  шараға  қатысушылар  Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.