Оралда тарихшы-ғалым Тұяқбай Рысбековтің 70 жылдығы тойланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында белгілі ғалым, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбековтің 70 жасқа толуына орай «Қазақстан тарихы мәселелері және академик Т.З.Рысбековтің ғылыми мектебі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ғалымды мерейтойымен облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, оның Қазақстан тарихын зерттеудегі еңбегінің зор екендігін жеткізді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарды насихаттау, тамыры терең тарихымызды білу үшін оны зерттеу қажеттігін атап өткені белгілі. Осы орайда Тұяқбай Зейітұлының Қазақ елінің тарихын түгендеуге қосқан үлесі мол. Тарихшы-ғалым көп жыл бойы ұстаздық етіп, ғылыми еңбектерін жазып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне басшылық жасаумен бірге талантты шәкірттер тәрбиелей білді.

 

Шара барысында ғалымның таңдамалы еңбектерінің бес томдығының тұсауы кесілді. 

Конференцияда тарих ғылымдарының докторлары, ҚР ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов, мәскеулік профессор Дина Аманжолова және басқа әр тараптан келген ғалымдар академик Тұяқбай Рысбеков және ұлттық тарихи ғылым, оның еңбектеріндегі Қазақ хандығы тарихының мәселелері, ғалымдығы мен ұстаздығы, өлке тарихындағы орны төңірегінде баяндамалар оқыды, жылы лебіздерін білдірді.

 

Конференциядан кейін ғалымның өзі еңбек ететін университетінде Т.Рысбеков атындағы дәрісхана ашылды. Мұнда академиктің еңбектері жинақталып, ұлттық тарих тақырыбында түрлі шаралар, дәрістер өтетін болады.

 

Айта кетейік, Тұяқбай Рысбеков - 640 ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің, соның ішінде 11 монография мен очерктер жинағының, 26 оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның еңбектері Қазақстан ғана емес, Англия, Германия, Ресей елдерінде де жарық көрген.

 

Биыл М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың (бұрынғы Орал педагогикалық институты) 85 жылдығы да аталып өтілмек.