ОРАЛ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Тәуелсіздікке 20 жыл: қоғам, заң және дін» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Басқосуда аталып өтілгеніндей, тоқсаныншы жылдары елімізде 600-ден астам діни бірлестіктер болса, қазір олардың саны 4,5 мыңнан асты. Осы жылдары олардың қызметіне еркіндік берілді. Өкінішке қарай, дін атын жамылған секталар тәжірибесіз жастарды өз қатарына тартты. Дін туралы жаңа заңда осының бәрі мүмкіндігінше ескерілген. Ең бастысы, миссионерлердің жұмысына, олардың елімізге тыйым салынған діни әдебиеттерді әкелінуіне тыйым салынды.
Уахабшылдық, салафит сықылды дәстүрлі емес діни ағымдардың елге төнгізетін қауіп-қатері туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқу-ағарту бөлімінің теологы Смайыл Сейітбек әңгімелеп берді. Тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов көп ұлт өкілдері өмір сүретін Қазақстанда ата-бабадан жалғасып келе жатқан ынтымақ пен бірлікті сақтау басты міндет болып қала беретінін жеткізді. Сондай-ақ Орал және Атырау архиепископы Антоний де ұстанған дініне қарамай, адамдарды бір-бірін құрметтеуге, бауырмалдыққа шақырды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).