Оралда театр тарланы Тельман Имашевке ескерткіш тақта орнатылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда театр тарланы Тельман Имашев (1956-2004) тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының белді актерлерінің бірі болған Тельман Имашев Мұхит көшесі 80-үйде тұрды. Халықаралық театр күніне орай бүгін осы үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаны ашу рәсімі болды.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, марқұммен көп жылдар бойы жұмыстас болған белгілі әнші әрі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев, Тельманның зайыбы, би маманы Слана Имашева және басқалар естеліктерімен бөлісті. Олар Тельман Сатқанұлының театр ісіне жан-тәнімен берілген кәсіби әртіс, өнер саласында айшықты із қалдырған текті тұлға екендігін жеткізді.


1956 жылы Қазталов ауданы Қараоба ауылында дүниеге келген Тельман Имашев 1981 жылы Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтының актерлік бөліміне түсіп, атақты өнер тарланы Хадиша Бөкеевадан тәлім алды.

Еңбек жолын С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында бастаған жас маман 1983 жылы А.Селезнев атындағы Алматы би училищесінің түлегі Сланамен бас қосып, туған жеріне оралды. Алты жыл Қазталов аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрында, кейін 1989-1993 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып еңбек етті.

1993 жылы Оралда қазақ драма театры ашылғаннан бастап Тельман Имашев осында актер, труппа меңгерушісі ретінде маңдай терін сыпыра қызмет етіп, көптеген рольдерді сомдады. 1993 жылы 16 желтоқсанда театр шымылдығын ашқан М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында Наушаның әкесі Жабайдың бейнесін алып шықса, С.Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» драмасында Тимур Қалдыбайұлын көпке танытты. 1998 жылы осы спектакльді қойғаны үшін БҚО театры Таразда өткен республикалық театрлар фестивалінде жеңімпаз атанды. Сахнаның қыр-сырын шебер меңгерген актер сондай-ақ Т.Ахтановтың «Ант» тарихи драмасында Әбілқайыр ханның, Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясында Жәңгір ханның бейнелерін шынайы көрсете білді.

2004 жылы небәрі 48 жасында кенеттен дүниеден озбағанда, Тельман Имашевтің алар асулары бұдан да мол болары анық еді. Ол өзінің ісін жалғастырар шәкірттер де тәрбиеледі.