БҚО қазақ драма театрынан Ардақ Нықмұқанованың хабарлағанындай, форум-фестивальдің негізгі мақсаты Батыс Қазақстан аймағындағы театр ұжымдарының шығармашылық тынысымен және әлеуметтік жағдайымен кеңінен танысу, театрдың мемлекет пен қоғам өміріне қажеттілігін арттыруға және Президентіміздің бастамаларына патриоттық сезімдерін жандандыра түсуге барлық мүмкіндіктерді жұмылдырып, қолайлы жағдай туғызу болып табылады.
Форум-фестивальдің жұмысына аймақтағы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілігі мен мәдениет басқармасының өкілдері, театр қызметкерлері арнайы шақырылып отыр.
Форум-фестивальда аймақтық театрлардың спектакльдері көрсетіледі, сонымен қатар режиссерлерге және драматургтерге арналған шеберлік сағаттары өткізіледі. Мәселен, «Көркем әдеби мәтіндерді интерпретациялау» атты режиссерлерге арналған шеберлік сағаттарын Ресей Мәдениет институтының жетекші ғылыми қызметкері, театр сыншысы, өнертану ғылымдарының кандидаты Елена Борейша-Покорская, «Драмалық шығармаларды жазудың жаңа жолдары» атты драматургтер үшін шеберлік сағаттарын көрнекті драматург, Шахимарден Құсайынов пен жас драматург, өнертану магистрі Әннәс Бағдат жүргізеді.
Сондай-ақ форум-фестивальдің аясында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтеді.