Оралда «Тіл - тұтастық туы» фестивалі қорытындыланды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 23 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ҚР халықтары тілдері күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған жалпыхалықтық «Тіл - тұтастық туы» атты тілдер фестивалі мәреге жетті.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тілге құрметпен қараудың үлгісін көрсетіп келеді. Мемлекеттік Әнұран мен Туды қалай қастерлесек, ұлт тілін де солай құрмет тұтуымыз керек. Президентіміздің сарабдал саясаты арқасында Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауда айтылғанындай, «Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек». Осы орайда мемлекеттік тілдің сан ұлттың басын қосып, біріктіруші ретіндегі мән-маңызы арта түсетін болады. Бірлік пен тұтастықты сақтау арқылы ғана біз Мәңгілік елге жете аламыз. Қазіргі таңда қазақ тілінің мәртебесі нығайып, қолданылу аясы кеңейді. Жалғыз ғана мысал, Орал қаласында кеңестік дәуірде қазақ тілінде сабақ беретін бір мектеп болса, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін олардың қатары жыл санап көбеюде. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің саны да еселене түсуде.

Жиында тіл жанашырлары ретінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессорлары, филология ғылымдарының кандидаты Серікқали Шарабасов, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының оқытушысы, ақын Талап Қуанышев, облыстық «Приуралье», «Орал өңірі» газетінің тілшілері Жаннат Тоқтарова, Нұртас Сафуллин, Нұрлыбек Рахманов және басқалары облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Фестивальда түрлі ұлт өкілдері өнер көрсетіп, жұртшылыққа әдемі әсер сыйлады.