Оралда тұңғыш рет аралас жекпе-жек түрлерінен турнир мәреге жетті

ОРАЛ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің залында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай жастар мен ересектер арасында аралас жекпе-жек түрлерінен облыстық турнир мәреге жетті.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 16-19 жастағылар арасынан өз салмақ дәрежелеріне қарай Досбол Еліген (62 кг), Оралбек Мақашев (65,8 кг), Андрей Шилимов (70,3 кг), Илья Пяткин (77,1 кг), Сұлтанбек Меңдібаев (77 кг) жеңімпаз атанды. Ал ересектер арасында Аманқос Жанғалиев (62 кг), Мансур Арсаханов (65,8 кг), Серік Қартабаев (70,3 кг), Ислам Хасиев (77,1 кг), Армат Сәрсекенов (84 кг), Андрей Смирнов (93 кг), Михаил Помазанов (93 кг) чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бұлардың бәрі де Орал қаласының атынан сынға түсті.

Айта кету керек, жекпе-жекке шыққандар арасында самбо, кикбокс, қоян-қолтық ұрыс, еркін күрес, аралас жекпе-жекпен айналысушылар болды.

Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған сайыс қорытындысында жеңімпаз-жүлдегерлердің барлығы диплом, медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.