Оралда тұңғыш рет журналистер арасында бокс-шоу өткізілді

ОРАЛ. 22 маусым. ҚазАқпарат - 21 маусым күні Оралдағы Ә.Әйтиев көшесіндегі спорт кешенінде баспасөз қызметкерлерінің күніне орай тұңғыш рет журналистер арасында бокс-шоу өткізілді.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, БҚО бокс федерациясы, «Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырған жарыста облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясы мен «Қазақстан-Орал» телеарнасының командалары күш сынасты.

Бокс сайысының ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, журналистер - қашанда жаңалыққа бір табан жақын жүретін жандар. Осы жарыс - соның бір көрінісі. Қазіргі кезде әр ақпарат құралының өз рөлі бар. Өзара бәсекелестік те жоқ емес. Мұндай сайыста жеңімпаздар мен жеңілетіндер болғанымен, достыққа не жетсін.

Бокс-шоуда шаршы алаңға бірінші болып танымал тележурналист Мұнайдар Балмолда мен «Орал өңірі» газеті жас тілшілерінің бірі Нұртас Сафуллин шықты. Мұнда Нұртастың басымдылығы көрініп тұрғанымен, жеңіс төрешілер шешімімен Мұнайдарға берілді. Есесіне  «Қазақстан-Орал» телеарнасының өкілі Медетбек Елеусізовті «Орал өңірінің» дизайнері Азат Есенаманов сөзсіз тізе бүктірді. Сондай-ақ телеарна командасының мүшесі Данияр Жалетденов Махмут Жұмағалиевті бет қаратпай ұтты. Келесі кездесуде төрешілер тағы да жеңісті телеарналық Темірболат Тоқмамбетовке «ұстатқанымен», артынша бұдан айнуларына тура келді. Сөйтіп «Орал өңірінің» фотосуретшісі Арман Мәмбетов жеңімпаз атанды. Шешуші, бесінші жұпта «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин мен одан әлдеқайда жас, бойы да биік, салмағы да ауыр Аманат Ырзағалиев шеберлік байқасты. Мұнда Аманат басым түсіп, жалпы есеп 3:2 есебімен «Қазақстан-Орал» телеарнасының пайдасына шешілді.

Шаршы алаңға шыққан журналистердің бәріне облыс басшысы дипломдар мен кубок, ескерткіш сыйлықтарды табыс етіп, осындай шаралардың жалғасын табуы керектігін айтты.

Жалпы, бұл Қазақстан бойынша журналистер арасында өткен алғашқы бокс сайысы болды. Мұндай жарыстардың салауатты өмір салтын орнықтыруда мәні зор екені анық.