Оралда «Түркі жазуы мәдениеті: кеше және бүгін» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтіп, көрме ұйымдастырылды

ОРАЛ. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Түркі жазуы мәдениеті: кеше және бүгін» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтіп, көрме ұйымдастырылды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының проректоры Мұрат Сабырдың айтуынша, көрмеге қойылған түркі жазуы үлгілері V-Х ғасырларға жатады. Оны алғаш зерттеген Копенгаген университетінің профессоры Вильгельм Томсен болса, кейін мұны орыс ғалымы Василий Радлов жалғастырды. Қазіргі кезде Орхон-Енисей жазулары жөнінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қаржаубай Сартқожаұлы еңбектер жазуда.

Түркі жазуларынан бастау алған қазақ елінің мәдениеті мен тарихы туралы ақын Қайрат Жұмағалиев те сөз қозғады.