ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы № 28 түзету мекемесіне есірткі және басқа тыйым салынған заттарды заңсыз тасымалдау дерегі анықталды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, режимдік талаптарды қамтамасыз ету аясында жүргізілген тексеру барысында жеке кәсіпкер ұсталды.
Кәсіпкер аталған колонияға марихуана салынған 7 ZIP-пакетті, 17 ұялы телефонды, 6 USB-кабельді, 8 SIM-картаны, аудио және бейнежазба құрылғысын әдейі жасырын жолмен жеткізген.
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен жедел іздестіру іс-шараларын атқарды. Қазіргі кезде департамент сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда түрмеде жазасын өтеушінің киімін шешіп тастап, жалаңаш жүргенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).