ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында басшылық қызметтер атқарған Мақсот Батыров 85 жасқа толды.
Осыған орай 20 қараша күні облыс әкімі еңбек және тыл ардагерін қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесуде аға буын үлгісі, ұрпақтар сабақтастығы туралы әңгіме өрбіп, Елбасының бастауымен тәуелсіз Қазақ елінің одан әрі қарыштап дамуында халық бірлігінің маңызы зор екені атап көрсетілді.
Айта кетейік, Алматыдағы зоомалдәрігерлік институтын 1954 жылы бітірген М.Батыров еңбек жолын мал дәрігері болып бастап, кейін 40 жылдан астам уақыт бойы бірнеше ауданда және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында басшылық қызметтер атқарды.
Өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан ардагер 2001-2006 жылдары облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары, 2006-2011 жылдары төрағасы болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).