Оралда «Үздік аудармашы» байқауы мәреге жетті

ОРАЛ. 22 тамыз. ҚазАқпарат - 22 тамыз күні М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Тіл - татулық тұтқасы» атты облыстық тіл айлығы аясында «Үздік аудармашы» байқауы өткізілді.

Аудармашылар сайысы «Батыс Қазақстан облысының жас ғалымдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Ресми құжаттарды аудару, көркем аударма, сөзбе-сөз немесе ауызша аударма мен жаңа терминдер әлемі бөлімдерінен тұрған байқауға 14 мемлекеттік қызметкер қатысты.

Қазылар алқасының шешімі бойынша III орынды Е.Ғайсин, Н.Өтиева, Ж.Гохгальтер және II орынды Г.Жароева, Н.Лұқпанова иемденсе, бірінші орынды Эльмира Мәдірова жеңіп алды.

Жеңімпаздар арнайы диплом және кәдесыйлықтармен марапатталды.