ОРАЛ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Орал қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ықсановты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасындағы қалааралық турнир мәреге жетті.
Жарысқа Ақтау, Ақтөбе, Хромтау, Орынбор облысының Ташла және Орал қаласынан, облыс аудандарынан барлығы 10 команда қатысып, сынға түсті.
Жарыс қорытындысында Ақтау қаласының ардагерлері бас жүлдені жеңіп алды. Оларға «Атамекен» зейнетақы жинақтаушы қоры атынан фотоаппарат табыс етілді. Ақтөбе ферросплав зауыты - екінші, ақтөбеліктердің тағы бір командасы - үшінші, Оралдан «Денсаулық» клубы төртінші орынды иеленді. Қанат Жазықбаев (Ақжайық ауданы) - үздік қорғаушы, хромтаулық Амангелді Сүйінтаев - үздік байланыстырушы, «Денсаулықтан» Есентай Қалиев - үздік шабуылшы, Зеленовтан Павел Агеев - үздік тосқауыл қоюшы, жәнібектік Қалимат Қыдыров ақсақал ойыншы атанды. Турнирдің үздік ойыншысы атағына Орынбордың Ташла қаласынан келген Алексей Романенко ие болды. Олардың бәріне де демеушілер атынан сыйлықтар табыс етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).