ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында мемлекеттік кірістер департаменті және Орал қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен прокурорлық тексерулер нәтижесінде заңсыз ойын автоматтары мен онлайн-казинолардың қызметі әшкереленді.
БҚО прокурорының орынбасары Халидолла Дәуешевтің айтуынша, мұндай ойын автоматтары лотерея терминалдары ретінде бүркемеленген. Мысалы, рейдтік шаралар кезінде Гагарин көшесі бойындағы «Старт» сауда үйінде осындай үш ойын автоматының ел аумағында тыйым салынған қызметті атқарып келгені анықталды.
Жыл басынан бері қала аумағында 21 сауда нүктесінен осындай 42 лотерея терминалы тәркіленді.
Орал қалалық сотының 4 қыркүйектегі үкімімен А.Зайченко ҚР ҚК 307-бабы 1-бөлігіне сәйкес заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін айыпты деп танылды.
Айта кетейік, биылғы шілдеде Орал қаласы прокурорының талапарызы бойынща Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз онлайн-казино қызметін ұсынып келген 26 ғаламтор сайтының қызметі тоқтатылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).