ОРАЛ. 19 қараша. ҚазАқпарат - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде облыстық ішкі саясат басқармасы, «Батыс Қазақстан облысының жас ғалымдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі және Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің ұйымдастыруымен «Алаш Орда және Тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аталмыш шара Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Конференцияға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы А.Ахмет, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты А.Маликова (Астана), Башқұрт мемлекеттік университеті «Башқұртстан Республикасы және этнология тарихы» кафедрасының ассистенті, тарих ғылымдарының кандидаты Т.Ильясов (Ресей, Уфа қ.) және тағы басқалары арнайы қатысып, пленарлық мәжілісте баяндамалар оқыды.
Басқосуда Ж.Досмұхамедовтің саяси-құқықтық көзқарастары, Батыс Қазақстандағы Алаш партиясының қызметі, Ж.Досмұхамедовтің және Отан тарихындағы Алаш қозғалысының атқарған рөлі мен маңызы, Ұлттық идеологияны дәріптеу, жастарды патриотизмге тәрбиелеу мәселелері тақырыптарында баяндамалар оқылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).