Оралда Ж.Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналған шара өткізілді

ОРАЛ. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - 6 қыркүйек күні Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде белгілі Алаш қайраткері, Күнбатыс Алашордасын құрушылардың бірі, ағартушы, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтің (1887-1938) 125 жылдығына арналған шара өткізілді.

Аталмыш оқу орнына жаңадан қабылданған 1 курс шәкірттері қатысқан шарада колледж басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Шалқыма Құрманәлинаның атап өткеніндей, Ж.Досмұхамедов Орал әскери-реалдық училищесінде (қазіргі педколледж орналасқан ғимаратта) он жасынан бастап білім алды. 1998 жылы педколледжге, кейін осы ғимарат орналасқан көшеге Ж.Досмұхамедовтің есімі беріліп, мүсіні орнатылды.

Кешке қатысқан «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин бұл шараның жастар үшін аса маңыздылығын атап өтіп, педколледж шәкірттері үшін арнайы басылған Ж.Досмұхамедовтің суреті мен өмірбаяны бар дәптерлерді табыс етті. Педколледж оқушылары да шетел жұлдыздарының суреттері басылған дәптерлерді алғанша, Ғұмар Қараш, Жаһанша Досмұхамедов сынды қазақтың ұлы тұлғаларының бейнесі бар дүниенің қымбат екендігін атап өтті.