ОРАЛ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Алдағы қазан айында Орал қаласында алғашқы үй тұрғындарға жалға беріле бастамақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Азамат Ағелеуовтің айтуынша, қаланың 9-ықшамауданында 75 пәтерлік үйді «Алтим» ЖШС салып бітіріп, тапсырды. Аталған ауданда «Жайықауылқұрылысы» ЖШС 79 пәтерлік тағы бір үйді тұрғызу үстінде. Ол да жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Алдағы жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, бұл жұмыс жалғасады.
Жалға берілетін үйлер бұрыннан кезекте тұрған аз қамтылған отбасыларға, мемлекеттік, бюджеттік салада жұмыс жасайтындарға, әскери қызметкерлерге бұйырмақ. Шамамен бір бөлмелі үйдің шаршы метрін 98 теңгеден есептегенде, ай сайынғы бағасы 3600 теңге, екі бөлмелі пәтердікі 5400 теңге болмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).