Оралда жаңа палатаның таныстырылымы болды

ОРАЛ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанның денсаулық саласында қызмет ететін қоғамдық бірлестіктері бірігіп, Ұлттық денсаулық сақтау палатасын құрған болатын. 12 желтоқсан күні облыстық мәслихаттың кіші залында жаңа құрылымның таныстырылымы болды.

Оған Ұлттық денсаулық сақтау палатасының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсот Құлжанов арнайы келді.

- Еліміз бойынша 800-ге жуық қоғамдық бірлестік бар болса, соның әрбір үшіншісі денсаулық сақтау саласының ұйымдарына жатады. Әйткенмен, көпшілік бірлестіктердің жұмыс белсенділіктері ойдағыдай емес. Сондықтан, басты мақсатымыз - барлық медициналық бірлестіктерді бір жұдырықтай жұмылдырып, Президентіміздің саламатты Қазақстан идеясын қарқынды түрде жүзеге асыру, - деді палата төрағасы.

Аталмыш палата денсаулық сақтау саласындағы медицина қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдар қызметінің тиімділігін арттырып, тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етпек.