ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен автобекет ғимаратын сөзбен «жармақшы болған» тұрғын үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылғы желтоқсан айының ортасында Орал қаласының тұрғыны өзінің ұялы телефонынан автобекеттің кезекші диспетчеріне қоңырау шалып, ғимаратты жарамын деп қорқытқан.
Оқиға орнына дереу жеткен барлық жедел қызмет мекемелері қызметкерлері ғимаратты тексергенімен, жарылғыш затты тапқан. Бірақ айдың-күннің аманында елді дүрліктірген сабаз жазасыз қалмады. Ол ҚР ҚК 242-бабымен айыпты деп танылып, сот залынан қамауға алынды. Бұл үкім осындай «ойын» ойнағысы келетіндерге сабақ болса, игі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).